МӘЖІЛІС АТАУЫ ҰЛТТЫҚ МАЗМҰНҒА ИЕ БОЛМАҚШЫ…
Қолданыстан Сталиндік репрессия кезінде «буржуазиялық ұлтшылдық символы» ретінде алынып тасталған «ҚҰРЫЛТАЙ» сөзін Тоқаев алдымен там-тұмдап саналарға енгізіп алды. Бес жыл қатарынан оның ұдайы қолданылуына жол ашты. Мұның сыры өзге тілден енген парламент сөзін қазақшалағысы келгенінде екен. Биыл бұл атауды «Құрылтай» деп өзгерту туралы ұсынысын ел талқысына тастады. Сонымен жалпақ жұрт қолдап, қуатталса:
МӘЖІЛІС АТАУЫ ҰЛТТЫҚ МАЗМҰНҒА ИЕ БОЛМАҚШЫ…
Құрылтай сөзінің түп тамыры тым тереңде жатыр. Түркі халықтарының тарихында мағынасы мығым, аса қуатты салмаққа ие. Ол мемлекеттік деңгейдегі ең жоғарғы жиынды білдіретін ұғымда қолданылған.
Сөз төркінін тарқатсақ, көне ұғым «құр» түбірінен шыққан. Мағынасы «орнату, жинау, қатарға тұрғызу дегенді білдіреді. Яғни, «құрылтай»-белгілі бір мақсатпен адамдардың басын қосу арқылы негізді қалау, жүйелеу дегенді білдіреді екен.
Тарихта Түркі қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы кезеңдерінде құрылтай мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешетін халықтық өкілді орган болған. «Қасым ханның қасқа жолы» немесе «Жеті жарғы» сияқты заңдар осы алқалы жиында бекітілген.
Сіздерге Парламент сөзін жік-жіліктеп беру үшін де түрлі дереккөздерді ақтарып шықтық. Бұл сөздің төркіні француз тілінен бастау алады. Алайда мемлекеттік институт ретінде Англияда қалыптасқан екен. Шығу тарихы мен таралу жолы өте қызық:
Термин француздың «parler», яғни, сөйлеу деген етістігінен шыққан. Оған «-ment» жұрнағы жалғану арқылы «parlement» сөзі құралған. «Сөйлесу, талқылау, келіссөз жүргізу орны» дегенді білдіріпті.
Мұның да өзіндік тарихы бар. Орта ғасырларда Францияда бұл сөз тек сот органдарын білдірген.
Ал Англияда XIII ғасырда бұл термин король мен халық өкілдері арасындағы кеңесті атау үшін қолданысқа еніпті. Уақыт өте келе «Парламент» заң шығарушы жоғарғы органның ресми атауы ғана емес, әлемге ортақ терминге айналды.
Бұған себеп, Англиядағы парламенттік жүйенің бүкіл әлемге үлгі бола алғандығынан…
… Сонымен парламент сөзі француз тілінен енген. Мағынасы «сөйлеу» дегенді, ал құрылтай сөзінің мағынасы «құру» дегенді білдіреді
Күні кеше Сыр өңірінде өткен алқалы жиында президенттің жаңа Парламент құрып, оған ҚҰРЫЛТАЙ атауын беру туралы идеясынан кейін әлеуметтік желіде қарап отырмыз, талқылау басталды. Құптап жатқандарға бек ризамыз. Бұл сөзді қабылдауға қиналып жатқандарға айтарымыз:
«ҚАҒЫҢНАН ЖЕРІНБЕ!» ҚҰРЫЛТАЙ ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛҒАНЫНАН БЕРІ БАР СӨЗ!
Президенттің Парламентті «Құрылтай» деп атауында да бабалар мұрасын жаңғырту деген игі мұрат тұрғандай.
Ұлттық жаңғыру жолында Парламентке «Құрылтай» атауын беру — тарихи шешім бе?
Ең алдымен бұл өткенге құрмет. Астарында халықтық билікті айқындау жатқан сияқты.
Жаңа атаудың саяси және философиялық мәнін өзімізше топшылап көрсек, ұлттық бірегейлікке бастап жатыр деуге негіз бар. Құдды бір Тоқаев батыстық «Парламент» сөзіне қазақтың төл мағынасын беріп, саяси жүйемізді ұлттық кодпен нығайтуды жоспарлап қойғандай…
Былайша айтқанда, президент халықпен диалог мәдениетін қалыптастыруға ашық үкіметті дайындап болды. Билік халықпен санасып жатыр. Яғни, ежелгі құрылтайларда кез келген азамат өз пікірін ашық айтуға құқылы болған. Бұл дәстүр қазіргі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен толық үндеседі. Осыны ескерсек, «Құрылтай» атауы депутаттарға халықтың аманаты ретінде ерекше моральдық жүк артпақшы…
Қызылордада өткен Құрылтай-2026 жиынында елең еткізер тағы бір сөз-Президент:
-Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін — Тәуелсіздік бәрінен қымбат!,-деді. «Қазақстан» демеді, «ҚАЗАҚ» мемлекеті деп айшықтап отыр. Бұл сөзі де елдің «стан» сөзін алып тастаса деген ойымен астасып жатқандай… Ендеше, зат есімнен зат есім тудырушы жұрнақтың алынып тасталып, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗАҚ мемлекеті болып түрленуінің де «ауылы алыс емес-ау» дегеннен үмітті болайық!
Алия Ортаева-журналист