АЛ ОБЛЫС ӘКІМІ АҚ АЛТЫНДЫ БҰРЫН СОҢДЫ «ТІРІДЕЙ» «ҚОЛЫНА ҰСТАП КӨРМЕГЕН»

0
IMG_0928

Қолда аппақ қолғап. Алда аппақ алжапқыш. Келісті форма. Келбетіне жарасқан жасыл кепка. Бұл мақтаға деген «аристократтық» қарым -қатынас. Даладағы диқан оны дәл бұлай өңі түгіл түсінде де термеген.

 

Немесе бұған дейін бұл лауазымда отырғанына біраз болса да, көппен бірге көзесінен суыруға мән бермеген. Нұрбол Тұрашбеков мырзаның ұйымдастырған «тегін пияры» тәп тәуір жүзеге асты. Түркістан облысының әкімі ақ алқапта бірінші рет мақта терді. Әлеужелідегі мақалаларды оқып отырып ойымызға әдебиеттегі «Асан мен Үсен» оқиғасы оралды.

Толық атауы «Бай мен жарлы баласы» деп аталатын әңгіменің авторы қазақтың ұлы ағартушысы, педагог және жазушы Ыбырай Алтынсарин. Асан мен Үсен оқиғасындағы бай баласы – ол Асан. Оқиғада оның «тоғышар» қалпы тура біздің әкімнің мақта басында сұхбат бергендегі болмысына ұқсап кеткен сияқты. ​Ал Үсен болса жарлы баласы. Ала жаздай терсіңді болған диқандар күйін елестетеді.

1880 жылдардан бері мақта терген қай бабамыздың қолынан кірленбегее ақ қолғап көріп едіңіздер? Қай диқанның алжапқышы мақтадай аппақ еді? Тура ұлы ұстаздың әңгімесіндегідей, әкім мен диқан екеуінің мінез-құлқы мен өмірге бейімділігі, әсіресе далада жалғыз қалғандағы іс-әрекеттері қабыспайды-ау, қабыспайды…

Бұл туралы қоғам белсендісі Бейсенкүл Нарымбетова ханым тұщщымды да салмақты пікір айтыпты.

«Пиары оңбай жатыр. «Туризмді дамытамыз»,-деп алып Халықаралық туризм күнінде тырс етпегендер мақта күнін тойлап жүр. Егер оңтүстіктің мақташыларының жетістігін, технологиясын айтып фестиваль өткізсе мейлі ғой, басқа жұрттың технологиясын көрсетіп фестиваль өткізу “ ең ақылды, халқын, мемлекетін ғажап жақсы көретіндердің” ғана қолынан келеді. Тұралап, су мәселесі де, шикізатты сатып алу мәселесі де жылдар бойы шешілмей келе жатқан саланың «фестивалить» етуі сұмдық пиаршылар мен «пилосыптардың» ғана қолынан келеді. Бәрі мақтаны жаңа көргендей теріп жүр.

Оңтүстік баяғыдан ақ алтынды өңір. Алғашқы рет мақта ұстады деп солтүстіктің әкімдерін көрсетсе, кішкене назар аударар ма еді.., Дұрыс айтып отырмын ба,- Мира Муслим? Сен облыстық, республикалық деңгейдегі журналист болғансың ғой. Оңтүстікке мақта таңсық емес екенін білесің. Одан да қытайлық технологиямен егілген мақтаны таңсық көріп жүрміз дей салмадыңдар ма? Бір өңірдің басшысын ұятқа қалдырмай… Басқаның технологиясын көрсетіп, жарнамалау отандық мақташылардың қолынан түк келмейді дегенді көрсетіп, тұқырту.

Мақталы өңірлерден осы дақылдың қыр сырын меңгеріп, кәсібіне айналдырған байырғы тұрғындар мақталарынан мән кеткендіктен біртіндеп көшіп жатыр берісі Шымкент, арысы басқа қалаларға. Көшеміз деп отырғаны қанша? Олардың орнын кім басады, үйлерін кім сатып алып жатыр? Осыған мән берсе, облыстың билігі. Отырардағы технологияны кімге барып үйретесіздер, мәселе осында. Үлкен шаруашылықтарға дейтін шығарсыздар, майдаларда адам көп қой. Бізде адам маңызды болу керек.»,-деді ол өз жазбасында…

Расында да, біз ақ алтын өндірісінде бәсекелестікті көрсете алмай жатқандай көрінеміз. Мысалға, мақтаның отаны саналатын Мақтарал мен Жетісай аудандарының соңғы бес жылдығын алсақ, ақ алтын алқаптарының қос ауданда қысқаруы тақырыпқа тұздық боларлықтай… Бірнеше дереккөздерді ақтарып көрдік. Қос аудандағы мақта алқаптарының қысқаруына қатысты мәліметтер, әсіресе, облыс әкімдігінің және Су ресурстары министрлігінің суды үнемдеу және ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру туралы 2023-2024 жылдардағы ресми мәлімдемелері мен жоспарларында жазылған. Осыған сүйене отырып, төмендегі көрсеткішті тілге тиек етпекшіміз:

Мақтарал ауданындағы мақта алқаптарының көлемі соңғы бес жыл ішінде, шамамен 2020-2024 жылдарда айтарлықтай қысқарды.
​Нақты деректер бойынша, бұл қысқару шамамен 10 мыңнан 20 мың гектарға дейінгі аралықты көрсететін сияқты. ​Қысқару динамикасын болжамды деректермен яғни, ашық дереккөздердегі мәліметтермен салыстыратын болсақ:

​2022 жылы Түркістан облысы бойынша мақта егісінің көлемі Мақтаарал және Жетісай аудандарының жалпы көрсеткіші бойынша 126,3 мың гектарды құрапты.

​2023 жылы Оңтүстік өңір бойынша мақта егісінің көлемін 14,9 мың гектарға кемітіп, 111,4 мың гектарға орналастыру жоспарланғаны белгілі болды. Бұл қысқартудың басым бөлігі тағы да, Мақтарал және Жетісай аудандарына тиесілі.

​2024 жыл: Мақтарал ауданының өзіндегі мақта алқаптарының көлемі 40,8 мың гектарға немесе 42,5 мың гектарға болжанғаны туралы ақпарат бар.

Яғни, қысқаруға жергілікті және республикалық деңгейде қабылданған стратегиялық шешім себеп болып отыр. ​Алдымен су тапшылығын алға тарталық, Мақта — суды ең көп қажет ететін өскіндердің бірі. Сырдария өзені бассейніндегі су ресурстарының шектелуіне байланысты, облыс әкімдігі суды үнемдейтін көкөніс, жеміс-жидек, жоңышқа сияқты өнімділігі жоғары аграрлық екпелерге көшуді қолдапты. Біз өзгенің технологиясын өзіміздегі барға қолданбаймыз ба сонда? «Тыңнан түрен түретін» сияқтымыз. Сол өңірлердегі ата кәсіпті серік еткендер қайтпек керек?» деген ой екінші планға түсіп қалған жоқ па?

​Экономикалық тиімсіздік турасында ой айтылыпты кей деректерде… Хош делік, мақта талшығының әлемдік нарықтағы бағасының құбылуы және геосаяси жағдайға байланысты экспорттау қиындықтары шаруалардың қарызданып, шығынға ұшырауына соқтырды. Бұл жағдайға бас шұлғысақ та, көкейге дүдәмал сұрақ оралады. «Ақ алтынның отаны» саналатын қос өңірдегі дәл осы мәселе Отырар жеріне барғанда, орнығып қалды ма? Әй қайдам… Әзірге бізге «баяғы жартас, сол жартас» сияқты көрініп тұр. Диқандар жыры толастағанда ғана тоқмейілсуге болатын шығар.

​Бұл жерде егістікті әртараптандыру дегені ғана көңілге қонады. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенін мақтаға деген тәуелділіктен арылту және ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында Мақтарал мен Жетісайда басқа дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылуда екен. Олай болса, неге Нұрбол Тұрашбеков мырза, «Ақ дала» деп аталатын демеушілермен өткізілген іс шарасының орнына ақ алтын кәсібінен кете бастаған қауымды «қолтығынан сүйейтін» басқа шара ұйымдастырмады?

​Осы орайда менің ойыма үш вариант оралды.

1. «Аграрлық мәселені PR-мен жабу — ең тиімді шешім»

2. «Мақташылар берешегінен Түркістан облысының атқамінерлерінің имиджі артық»

3. ​Біздің сауал: «Қазақстандағы бірден бір ақ алтын өндіретін өңірде мақта дағдарысы бар ма? Тұрашбеков бұған: «Той — ең тиімді тәсіл! Жағдайдың тұрақты екенінің дәлелі!'» деп жауап беретін сияқты…

Бұған Нарымбетова Бейсенкүл ханымның «Басқаның технологиясын көрсетіп, жарнамалау отандық мақташылардың қолынан түк келмейді дегенді көрсетіп, тұқырту.» деген ойын қоссақ, расында да «біреудің қаңсығын таңсық» көретінімізді» айшықтап тұрғандай көрінеді.

Сонымен, мақташылар мәселесі түбегейлі мандымай тұрып, «той» өткізу, бұл — «көзге шөп салғандай» әрекет сықылды. Жылдар бойы сағызша созылған ең өзекті мәселе — су тапшылығы және диқандардың қарызы. «Мақтарал, Жетісайдың шаруалары әлі күнге дейін өткен жылғы ақшасын ала алмай жатыр екен» деген алып-қашпа» әңгімеге сүйенсек, бұған «Биылғы қуаңшылық салдарынан мұндағы ел егінін немен суарарын білмей дал болып, мақта алқаптарына бір-екі рет-ақ су жүргізіліпті» деген бізге жеткен әңгімені қоссақ, облыстық лауазымды тұлғалардың той-томалақпен көзге түсуі — ауыр сын.

​Аграрлық аймақтағы мақта жайының дамуы мен экономикалық қиындықтарын шешудің орнына, шенеуніктердің «мерекелер» арқылы халықтың назарын PR-ға аударуға тырысқандай әрекеті ішкі қыжылымызды оятқандай әсер қалдырды.
​Нағыз тиімді шешім бұл емес, қуаңшылықтағы мәселе зардабын алдағы уақытта болдырмауға, мақта өңдеушілердің қарызын өтеуге және диқандарды мемлекеттік қолдауға бағытталған нақты істерге жұмсалғанда жөн болар ма еді.

​Ал «Нұралхан Көшеровты бір сағатқа кешігіп келіпті» деген дауда қалдырған «дала тойы» бізді «мәселе жоқ, бәрі жақсы» деген ойға жетеледі. Бұл жалған имидж жасаумен тең. Мақалаға арқау болған «қазандағы» қайнаған проблема тойдың шуымен басылмайды. ​Не ойласаңыздар да, бұл жағдай жергілікті шенеуніктердің нақты басымдықтарды дұрыс анықтамағанын көрсетсе керек.

Халық айтса, қалт айтпайды. Мақта дағдарысы демеске шара жоқ, қос ауданда «ақ алтынның» кей қоймаларда шаң басып жатқандығы төңірегіндегі жел сөз де, дәл осы мақаламызды «желбуаз» қылып тұр. ​Тұрашбеков мырза осы орайда тойды «Біздің басты проблемамыз — аграрлық секторда емес, PR-дың жетіспеушілігінде» деп өткізді ме?

​Олай болса, оның логикасына бес+. Күрмеулі экономикалық жағдайды, әсіресе Мақтарал мен Жетісайдағы мақта проблемасын той-думан арқылы әлеуметтік желідегі әсем суреттердің көмегімен жабуға болады. Көзден таса — көңілден де таса. Былайша айтқанда, елдің мазасын май ішкендей еткен ағын су мәселесін шешіп, қарыздарды анықтау — ұзақ әрі ізденісті қажет етеді. Одан да той жасап, «PR-стратегия» арқылы халықтың назарын басқаға аудару ең төте жол! Сонда аграрлық аймақтағы нағыз жұмыстың орнына, «тойдағы» түсірілген фотолар мен видеолар ойды «жетістікке» жетелейді.
​Сіздің ойыңызша, мұндай шаралар шынайы мәселелерді шешуге көмектесе ме, әлде түйткілдің түйінін тек уақытша бүркемелей ме?

Жалпы биылғы қуаңшылық салдарынан болған «қысылтаяңда» той тойлау ұғымға сыймайтын нәрсе. Сондықтан, мақташылар мәселесін тоймен емес, оймен шешуді кейінге қалдырмай, оған басымдық беру кез келген басшы үшін ең дұрыс шешім болар еді. Иә, дәл биыл той тойлағанша, ой ойлаған дұрыс!
Алия Ортаева — журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *