МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ ДЕП ОСЫНЫ АЙТАДЫ

Тарихымызда тұңғыш рет ұлағаттың ұстыны саналатын ұстаздарға «Еңбек ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені деп аталатын айрықша ерекшелік белгісі табысталды.
Бесенеден белгілі ағарту бағыты баланың бабы мен білімін баптау. Бұл саланың ақиықтарының ақиқатын айтқанда, телефон ұстап алып, «ақиланып қоқиланғаннан» мәртебесі мандымайды. Абыройларын айшықтайтын дәл осындай марапаттар.
Президент «Ұстаз мәртебесін» айтып, Заң шығарғанда осыны меңзеген болатын. Мұғалімдерге мамыражай күйді «бұзатын», аңдығаны министрлік төрі, көксегені төсбелгі, күйттегені «қолдан құралған» бедел болатын «тасыраң топ» құр деген жоқ. Сый-сияпат, «көзақы алар» арзанқол абырой үшін «жанын жалдағандарды» жаныңа жинап алып, құрғақ ұран, құр айғаймен «сүрең сал» демеді. Аттандап жүріп, «белбеу кетсе де, бел кетпес» бітіспес дау қуып, «бәлеқорлықпен» бедел жинап, «белсенді бол!» демеді. Жай ғана «білімді дамыт, беделің өседі» дегенді меңзеді. «Айтпасақ сөз атасы өлер» осының «ұрымтал тұсын» пайдаланғысы келгендер газет-журнал десе бетін басар, қоғамдық жұмыс десе тұра қашар жүйені құрғысы келді.
Мәртебенің мәні осы екен деп, бет жыртысқандардың барлығы телефонмен шошаңдап, бір біріне қоқаңдап, «бас басына би» бола бастады. Бұл біраз жұртты тіксінтіп тастады. «Бала кімнен үлгі, өнеге алады енді»,-деп естінің барлығы «етек-жеңімізді жинайық»,- деген ұсыныс тастады. Еліргендер есіріп осыны айтқандарға топ топ болып тойтарыс беріп, топалаң қылды.
Білім саласында «жік шығып, екі құлағы тік шыққандар» оқушы оқытудың орнына «біз мұғалім мәртебесін қорғаймыз!» деп, Астана мен облыстардың арасын жол қылды. Жалақы жүріп, дәурені уақытша күліп тұрғандар топ-топ құрып, келіспей қалса, өзара даурығып, қоғам алдында жүргендердің жағасына жармасып, қолдан келсе, «қара тауды қайырып, ала тауды айырып» алардай дөң айбат шегетін күйге түсті.
Моп момақан экс-министр сол кезде, ойран-топалаң бола бастаған бұл саланың «соғыс сарбаздарына» қой дей қоймады. Баяғының батырын күткен бай-батшасындай, арқасынан қағып қойып, төрін ұсынып, «аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін» күйге жеткізгендей көрінді бізге. Басшылары «бақа түгіл бас қайғы деп, қарапайым мұғалімнен қаймығатын, қосшыларының тағдыры қоқаңдағандардың «қолжаулығына» айналып кете жаздады.
«Ойпырмай, мыналар қайтер екен?» деп алаңдап отырғанымызда білім саласының айы оңынан туды. Президент пәрменімен ағарту саласының билігі ауысты. Баяғы белсенділер «революционерлерге» айналып шыға келді. Әбден запыс шеккендердің төзімі түгесіле бастады ма, жабылып жүріп, «тентектерін» әзер тезге түсірді. Әсіре қызылдың тез оңатыны рас. Бұл дәурен «күн көсемдей» болған келбеті келіскенмен, сол кездегі күйі келіспеген бұл жағдай бас ұстазбен бірге келмеске кетті. Сөйтіп рухани жаңғырудың орнына «қаңғырып» кете жаздаған білім саласы буырқанып барып басылған теңіздей толқыны таудай болып, тулап барып қайта тыншыды.
Құлаққа жағымды, көңілге қонымды «Біртұтас тәрбие» туралы келелі ой, ұлттық болмыс жайлы парасатты пайым салтанат құра бастады бүгінде. Қазіргі министр Ғани Бейсембаев президенттің «Мұғалімдер мәртебесі» туралы Заңына байсалды байып пен шынайы шырай енгізе бастады ау деп топшыладық, топ алдын жарып ойқастап жүрмесек те, салаларды үнсіз саралайтын біз көңіл демдеп… Алайда бұл ойымыз экс- министр Асхат Аймағамбетов мырзаның түсінігімен түйіспей қалды. Таяуда бір сұхбатын көрдім. Мұғалім телефон ұстап, видео түсіріп жүрмеу керек, бала оқытсын!» деген сарында сөз айтып тұр. «Тура биде туған жоқ!» мәжілісмен мырза, қарап отырмыз, қазіргі телефон ұстаған мұғалімдерде патриоттық рух бар. Ұлттық болмыс бар. Челендждерінен ұрпаққа пайда, ұлтқа жанашырлық көріп отырмыз. Сондықтан, тиіспеңіз!!!
Сайып келгенде, мұғалімдер телефонды Сіздің кезіңізде де «қару» ретінде пайдаланды емес пе? Әлеужелідегі баз бір «белсенді ұстаздардың» парақшалары Сіз бар кезде мүдделер қарама-қайшылығы туындай қалса, ықтыратын-бұқтыратын қақтығыс алаңына айналып, «былапыт, бейәдеп сөзділердің» бетпердесін ашып берді емес пе? Есіңізден шыға қоймаған шығар әлі… Енді несімен ұнамай қалды? Сіз бар кездегідей, ешкім қиқу салып, әлдекімдердің басқан ізін аңдып, бір-бірінің шамына тиіп жатқан жоқ. Ұлттық болмысқа қызмет етіп жатыр. Сондықтан, тиіспеңіз!!!
Айтпақшы, бүгін республика күні қарсаңында білім саласында бұрын соңды тарихта болмаған жағымды жаңалық болды. Жұмысы өте жұғымды ұстаздар Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан кереметтей марапат алды. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін «шүлен» таратқандай қылып, «шоғыр топ таңдаулыларының» айтқанымен үлестірілетіні сияқты жағдай емес бұл. Басқаша дәурен. Сіздің кезіңізде пайда болған «белсенді мұғалім» ұстаздар үшін ең қастерлі де құнды бұл марапаттан бас тарта алатын еді ғой. Әбден кейігенбіз, «қазақтың тұңғыш ұстазының атындағы төсбелгісінің құтын қашырды ау» деп…
Биыл Президент ұстаздардың ғана емес, марапаттың да мерейін өсірді. Асхат Аймағамбетов мырза, «мұғалімдер мәртебесі» деген осы емес пе? Біз Сіздің білім саласындағы барлық тірліктеріңіз туралы айтып жатқан жоқпыз. Тек көргенімізді баяндадық. Сондықтан датым бар, бояуы қанық дәстүрге негізделген қазіргі білім саласын құлағынан бұрап, білмегендей, болмағандай сынап, күйін қашырмаңызшы. Ұртымызды толтырып, сумаңдаған ұрын ойға ерік берсек, сіз министр болып тұрған сәттен біздің де білеріміз, көргеніміз көп негізі… «Сырт көз сыншы». Айта берсек, шыға береді
Әлия ОРТАЕВА-журналист.